- 1948 - 49 ҚазМУ-дың филология факултетінің студенті;
- 1948 - оқуын тастап, Шибұт ауылында ауылдық кеңестің хатшысы;
- 1949 - көктемде жары Лашынмен отау құрады;
- 1949 - "Советтік шекара" газеті ақынның "Қырман басында", "Қойшы бала - Әкітай" деген өлеңдірін жариялады;
- 1950 - Алматыдағы Шет тілдер институтының неміс тілі факультетіне оқуға түсіп, көп ұзамай тұрмыстық жағдайына байланысты оқуын тастайды;
- 1954 - Қарасаздың бастауыш мектебінде орыс тілі мұғалімі болып тағайындалады, осы жылы ақынның үш өлеңі "Әдебиет және искусство" журналында жарияланды;
- 1957 - Республикалық радионың диктор қызметін атқарады;
- 1960-62 - "Советтік шекара" газетінің бөлім меңгерушісі;
- 1963-1965 - "Мәдениет және тұрмыс" журналында жұмыс істейді;
Ол 1962 жылы Алматыға қоныс аударып, әдеби ортаға етене араласа бастайды. Алматы Шет тілдері институтының неміс тілі, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеттерінде оқып және Мәскеудегі М. Горький атындағы әлем әдебиеті институтында білім алады.
Мұнан соң «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің (1962-1963 жж.), «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») (1963-1965 жж.), «Жұлдыз» (1965-1972 жж.) журналдарының редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында (1972-1973 жж.) қызмет атқарады. Мұқағали Алматыдағы қазақ әдебиеті мен өнерінің қаймақтары шоғырланған ортада өткерген аз ғана жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын танытып, өнімді еңбектене білді. «Ильич» (1964), «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр» (1970), «Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менің» (1975) атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгерді. Мұқағали поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман аңсары. Осының бәрін Мұқағали жас дарынға тән қайталанбас шеберлікпен, тәңірдің таңдайынан төгілгендей поэтикалық мінсіз үйлесіммен, әр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бедерлеп, өлмес өнер деңгейінде туындатып отырған.